Медиа орталық

«Aktobe Investment-2022» көрмесінде жалпы сомасы 2,7 триллион теңгеден астам 7 инвестициялық құжатқа қол қойылды

«Aktobe Investment-2022» көрмесінде жалпы сомасы 2,7 триллион теңгеден астам 7 инвестициялық құжатқа қол қойылды

2022 жылғы 06 желтоқсанда Астанада «Aktobe Investment-2022» 7-ші инвестициялық форумы өтті. Іс-шараның мақсаты – жаһандық өзгерістер дәуірінде Ақтөбе аймағын Еуропа мен Азия бизнес мүдделерінің тоғысқан жері ретінде көрсету.

Шараға 30-ға жуық елдің дипломатиялық өкілдіктері, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, ұлттық компаниялардың, қаржы институттарының, трансұлттық компаниялардың басшылары, ірі шетелдік және отандық инвесторлар қатысты.

Ақтөбе облысы – Қазақстанның өнеркәсіптік дамыған аймағы және еліміздің ең ірі өңірі. Облыс халық саны мен өсу қарқынының жоғарылығымен, сондай-ақ экономика салаларының жыл сайынғы өсуімен сипатталады. Мәселен, соңғы 5 жылда Ақтөбе облысына 3 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған.

Биыл облыс экономикасына 700 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл инвестициялардың келуі геологиялық барлау, кәсіпорындарды технологиялық жаңарту және экономиканың мұнай-газ химиясы, металлургия, құрылыс индустриясы, тамақ өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен және энергетика сияқты басым салаларында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Ақтөбе облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар пулы 2027 жылға дейін жалпы құны 4,6 триллион теңгеден асатын 95 инвестициялық жобадан тұрады.

Айта кету керек, облысқа тартылған инвестицияның орта есеппен 25 пайызы сырттан келеді. Бүгінгі таңда негізгі инвестор елдер Италия, Түркия, Чехия, Германия, Нидерланды, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы болып табылады.

Дөңгелек үстелді ашқан Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірдің инвестициялық, көлік-логистикалық және индустриялық әлеуетіне, дамудың басым бағыттарына тоқталып, бұл шара инвестициялық байланыстардың кеңеюіне жол ашатынына сенім білдірді. Сөзінің соңында әкім, форум аясында қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды, сондай-ақ қол қойылған меморандумдардың орындалуы мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын жеке бақылауына алатынына сендірді.

Сонымен қатар, әкім облыстың әуе, теміржол және автомобиль көлігі сияқты логистикалық мүмкіндіктердің барлық түрлерін толық көлемде пайдалануға мүмкіндік беретін еліміздің маңызды көлік-логистикалық хабы екенін атап өтті. Сондай-ақ, Каспий бассейніне шығатын Ақтау теңіз порты жақын жерде орналасқан.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан 400 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартуға қол жеткізгенін айтты. Оның айтуынша, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға ТШИ жалпы ағынының 2021 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 28%-ға артуы байқалады. Ақтөбе облысына 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында тікелей шетелдік инвестициялардың ағыны 862,5 миллион долларды құрады, бұл 2021 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда екі есе көп.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов өз сөзінде Ұлттық компанияның қызметі, мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ Қазақстанның және жекелеген өңірлердің инвестициялық тартымдылығы туралы айтты. Оның айтуынша, инвесторларды мемлекеттік қолдау жүйесі көп деңгейлі және инвестициялық преференциялармен қатар түрлі салалық жеңілдіктерді қамтиды. Өткен жылдан бері қазақстандық инвесторлар құны шамамен 50 миллион доллар болатын ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін Үкіметпен тікелей инвестициялық келісім-шартқа отыруға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ пленарлық отырыста Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан, Италияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марко Альберти, Ernst & Young компаниясының Кавказ және Орталық Азиядағы басқарушы серіктесі Ерлан Досымбеков, Yildirim Holding ТМД елдері бойынша вице-президенті Метин Октай, ENI басқарушы директоры Алекс Стиллавато және ICIMC трансұлттық Қазақстан-Сингапур компаниясының акционері Нұржан Шәкіров сөз сөйледі.

Іс-шараның екінші бөлімінде Форумға қатысушылар «Ақтөбе облысының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі драйверлері» тақырыбын талқылады.

Форум аясында 5 блок бойынша Ақтөбе облысының инвестициялық мүмкіндіктерінің көрмесі өтті: химия өнеркәсібі, металлургия мен машина жасау, құрылыс пен өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешендер, және де жеңіл өнеркәсібі.

Шарада жалпы сомасы 2,7 триллион теңгеден астам 7 инвестициялық құжатқа қол қойылды.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге