Медиа орталық

Бас портал

Қазақстанның білім беру саласының басты проблемасын инвесторлар шешуі мүмкін

Қазақстанның білім беру саласының басты проблемасын инвесторлар шешуі мүмкін

Қазақстанда білім беруге инвестициялар құю арқылы осы саланың көкейтесті мәселелерінің бірі шешілуі мүмкін. Бүгінгі таңда орта білім беру саласының өзекті «күн тәртібі» жалпы білім беретін мектептердегі оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу болып табылады. Ағымдағы есептеулерге сәйкес республика бойынша тапшылық 168 мың орыннан асады және олар еліміздің бүкіл 17 өңірінде тіркеліп отыр. Жоғары білім беру саласында студенттік жатақханалардың жетіспеуі байқалады. Осыған орай, мемлекет алдында өршіл міндет тұр, ол – 2022 жылдың соңына дейін студенттерді, магистранттарды және докторанттарды 75 мың жаңа жатақхана орындарымен қамтамасыз ету. 

Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың ең басым міндеттерінің қатарына білім және ғылым жүйесін дамыту жатады. Ел басшылығы шығыстарды ЖІӨ-ден 7%-ға дейін ұлғайту туралы бұрын-соңды болмаған шешім қабылдады. Бұл шешім білім мен ғылымды одан әрі дамыту үшін күшті түрткі болмақ. 

Бүгінде қазақстандағы білім беру халықаралық рейтингтерде жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. IMD рейтингісінде «Білім беру» субфакторы бойынша Қазақстан әлемнің 64 мемлекеті арасында алғашқы 30 елдің қатарында (26-орын). ДЭФ ЖБИ-де «Дағды» факторы бойынша Қазақстан 140 елдің ішінде 57-орында тұр. Жоғары білім беру жүйесі бойынша британдық QS рейтингісінде Қазақстан Чехия, Түркия, Эстония сияқты танымал елдерді басып озып, 37-орынға шықты. Алайда, бірқатар проблемалық мәселелер елге осы рейтингтерде әлдеқайда жоғары көтерілуге мүмкіндік бермейді. 

Қазіргі уақытта мемлекет мектептер мен жатақханалардағы орындар жетіспеушілігі мәселесін шешудің бірден бірнеше тетіктерін ұсынады. Мектептерге келетін болсақ, мемлекет жекеменшік мектептердің санын көбейтуді көздеп отыр. 

Орта білім беруде ағымдағы жылы қала мектептерін тегістей жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіру жоспарлануда. Осы тәжірибені ескере отырып, кейін ауыл мектептері де кезең-кезеңмен осыған көшірілмек. 2019 жылдың нәтижелері бойынша 446 мемлекеттік қала мектептерінде жан басына шаққандағы қаржыландыру енгізілді. 114 жекеменшік мектепте 30,5 мың оқушыға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемінің шеңберінде мектептерде оқу және материалдық-техникалық базаны ішінара нығайтуға мүмкіндік пайда болды, сондай-ақ жан басына шаққандағы нормативте келешекте мектептердің құрылысына инвестициялық шығындар бөлігінің орнын толтыруға мүмкіндік беретін қосымша ынталандыру компоненті қарастырылды.    

Қазіргі жағдайда осы проблеманы қысқа мерзімде шешу қомақты мемлекеттік шығындарды талап етеді. Осыған байланысты мемлекеттік жекешелік әріптестік принципі таңдалды, онымен екі маңызды мақсатқа қол жеткізіледі, олар: жаңа оқушы орындарын құру және бизнестің білім беру нарығына белсенді енуі үшін қолайлы жағдайлар жасау.  Мемлекетпен әріптестіктің шеңберінде өз мектебін ашуды жоспарлап отырған кәсіпкерлерге мынадай қолдау шаралары ұсынылады:

Мемлекеттік білім беру тапсырысы түрінде тұрақты табысқа кепілдік беріледі. Жан басына шаққандағы қаржыландырудың принциптеріне сәйкес, әрбір оқушы үшін мемлекет жылына орта есеппен 281 мың теңге төлеуге дайын.

Жаңа мектептерді салған немесе ғимараттарды мектеп етіп реконструкция жасаған кәсіпкерлерге құрылыс салу (1 оқушыға 96 АЕК) не ғимаратты реконструкция жасау          (1 оқушыға 47 АЕК) жолымен іске асырылған инвестициялық шығындары өтеледі.  Мұндай төлемдер 8 жыл бойы төленеді және инфляцияны есепке алғандағы табыстың жыл сайын ұлғаюын қамтиды.

Бағдарламаның қосымша қолайлы шарттары кәсіпкерлерге заттай гранттар және қаржылық қолдау шаралары түрінде жер учаскелерін беру болып табылады. Сыйақы мөлшерлемесін 6% - ға дейін төмендетумен банк заемдарын субсидиялау көзделген.

Айта кету керек, 2020 жылдан бастап мемлекеттік тапсырысты бірыңғай оператор – ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Қаржы орталығы» АҚ орналастырады. Орталықтандырылған операторлыққа көшудің арқасында іріктеудің конкурстық тәсілдері жойылды, нәтижесінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру рәсімінің тиімділігі артты.

2020 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру шеңберінде 46 мың оқушы орнына 161 шарт жасалды, бұл кәсіпкерлер тарапынан қызығушылықтың жоғары екендігін көрсетеді. Қазіргі уақытта 2020 жылға орнатылатын мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемі 13 млрд теңгеден асады.            Алдымызда 2020 жылы кемінде 100 жекеменшік мектеп ашу міндеті тұр. Жекеменшік мектептер желісін дамыту инфрақұрылымдық проблемаларды шешу тұрғысынан да, мемлекеттік бюджет шығыстарын оңтайландыру тұрғысынан да ақталды.

Жоғары білім беру саласына келсек, 2018 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Бес әлеуметтік бастаманы жариялағанын, оның бірі студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталғанын айта кету керек. Осы міндеттерге қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесіп, жекеменешік сектордың кеңінен қатысуын көздейтін мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігін әзірледі. Осыған орай, 2022 жылдың соңына дейін студенттерді, магистранттарды және докторанттарды жаңа 75 мың жатақхана орындарымен қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл мегаполистерден бастап, облыстық маңызы бар қалаларға дейінгі еліміздің барлық өңірлері.

Тетікке сәйкес, әр студентке жыл сайын: Алматы қаласында жаңа жатақхананың құрылысы салынатын жағдайда - 144 АЕК, қалған өңірлерде жаңа жатақхана салынатын жағдайда – 122 АЕК, ғимаратты жатақхана етіп реконструкция жасалатын жағдайда –        47 АЕК төленеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер тиісті қаржы жылына индекстелетін болады. Бұл төлемдерді жүзеге асыру кезеңі – 8 жыл және ол инфляцияны есепке алғандағы табыстың жыл сайын ұлғаюын қамтиды. Жаңа енгізулермен қатар, сыйақы мөлшерлемесін 6%-ға дейін төмендете отырып, банктік займдардың пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау және кредит сомасынан 50%-ға дейін «Даму» қорының кепілдік беруі түріндегі бұрын ұсынылған мемлекеттік қолдау шараларының барлық көлемі сақталады. Ғимарат инвестордың меншігінде қалады.

Ынтымақтастықтың жалғыз шарты енгізілетін объектінің нысаналы мақсатын өзгертуге шектеуді қабылдау болып табылады. Былайша айтқанда, нақты әлеуметтік әсерді қамтамасыз ету үшін іске қосылған жатақхана 20 жыл бойы студент жастардың қажеттілігін жабу үшін жұмыс істеуі тиіс.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің статистикасына сүйенсаек, 2018/19 оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарында 496,2 мың студент білім алған, олардың 40%-ы немесе 203 мыңға жуығы өзге қалалардан келгендер, яғни оқу кезеңінде тұрғын үй мәселесін шешуді қажет ететіндер.         

2020 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша 18 425 орынға арналған 63 жобамен жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда 53 шарт жасалды, солардың шеңберінде 16 468 орын-жайды іске қосу жоспарланып отыр. 2019 жылы жасалған шарттар 4970 орынның енгізілуін қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік тапсырыс тетігіне қатысу мәселелері бойынша 10 жеткізушімен          1 957 орынға қосымша келіссөздер жүргізілуде. Жергілікті бюджет пен демеушілік қаражат есебінен 928 орындық 8 жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. 2019 жылы 388 орын, 2020 жылы 640 орын пайдалануға берілді.  

Жалпы, тапшылықты жабу үшін 184 объектіні іске қосу жоспарлануда, оның ішінде 20 - ы реконструкция жасау арқылы, 164 - і құрылыс салу жолымен енгізілмек.

Сөзсіз, кез келген инвестициялық жобада тәуекелдер қатар жүреді. Берілген жағдайда оларды мейілінше азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Бұл біріншіден, нормативтік-құқықтық және заңға тәуелді актілерде осы тетіктің бекітілуі есебінен қамтамасыз етілген. Екіншіден, осы жобаларды іске асыру үшін республикалық бюджетте 152,8 миллиард теңге көзделген және бұл қаражат секвестрлеуге жатпайды.

Қазақстанның Ұлттық инвестициялық стратегиясына сәйкес білім беру саласы инвестициялау үшін басым сала болып табылады. «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ мамандарының көмегімен осы салада ауқымды жобаларды жоспарлайтын инвесторлар инвестициялық келісім-шарт жасасуға мүмкіндік алады. Осы келісім-шарттің шеңберінде инвесторлар кеден баждарының салынуынан босатылады және мемлекеттік заттай гранттар алуға мүмкіндік беріледі.

Бүгінгі таңда KAZAKH INVEST-тің қолдауымен БАӘ және Сингапур инвесторларының қатысуымен білім беру саласында екі ауқымды жоба жүзеге асырылуда.

Бірінші жобаны Халықаралық мектеп құрылысы бойынша Emirates Global Education Investment Group LLP компаниясы Нұр-Сұлтан қаласында іске асыруда. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $ 30 млн құрайды.3,5 мыңға жуық оқушы орнын құру жоспарлануда. 

Екінші жоба бойынша инвестор - Kinder World International компаниясы халықаралық колледж, біліктілікті арттыру оқу орталығы, жалпы білім беру мектебі және мектепке дейінгі дайындық орталықтары кіретін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында білім беру кампусын салу мүмкіндігін қарастыруда. Нұр-Сұлтан қаласындағы бірінші кезең үшін жалпы инвестиция көлемі $200 млн құрайтын құрылысты 2022 жылдың 1 қыркүйегіне қарай аяқтау жоспарлануда.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге